Первый правоохранительный сайт республики Казахстан

Күдіктілерді енді 48 сағаттан көп ұстауға болмайды

Күдіктілерді енді 48 сағаттан көп ұстауға болмайды

Алматы қаласы ІІД-Құқық қорғау қызметіне қатысты енгізілген негізгі процессуалдық өзгерістерге түсініктеме берді, деп хабарлайды patrul.kz.

Құқық қорғау жүйесін жаңғыртуға бағытталған Елбасының тікелей тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Президент Әкімшілігі «ҚР құқық қорғау жүйесін жетілдіруге қатысты кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты» жаңа заң жобасын әзірледі. ІІО-на қатысты аталған заң жобасы бойынша Алматы қаласы ІІД-нің Тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Рустам Әбдрахманов түсініктеме берді:

«Азаматтардың құқықтарының қорғалу деңгейін арттыру мақсатында, аса ауыр қылмыс жасамаған жағдайда күдікті ретінде ұсталған тұлғаны сот шешімінсіз тұтқындау уақыты 48 сағатқа, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты 24 сағатқа қысқартылды. Алайда күдікті тұлғаны тергеу сотына жеткізу барысында жол қашықтығының шалғайлығына немесе қандайда бір төтенше жағдай орын алғанда, ұсталған тұлға 72 сағатқа дейін қамауда болады.

Сондай-ақ, күдікті тұлғаға оған қатысты жасырын тергеу әрекеттерінің жүргізілетіні туралы және тергеу сотымен оның уақытының ұзартылатыны жайында ескертілетін болады. Ал тергеу соты күдіктінің құқықтарының бұзылуына жол берілгенін анықтаса күдікті ҚР ҚІЖК-нің 38 бабына сай сот арқылы шағым түсіріп, келтірілген қандай да бір шығынның өтемін талап ете алатын болады.»-деп мәлімдеді Алматы қаласы ІІД, Тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Рустам Әбдрахманов.

Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікке 10 күн мерзімге арнайы шектеу қойылған жағдайда тергеуші немесе анықтаушы бұл туралы үй қожайынын 24 сағаттың ішінде ескертуге міндетті.

«Дәлелдемелердің алмасуына қатысты да біршама нақтылау тәртібі енгізілді. Мысалға тергеу ісінің аяқталу кезеңінде қорғаушы өзі жинаған барлық дәлелдерді тергеу органына тапсыру керек. Ал тергеуші өз тарапынан аталған дәлелдерді толық тексеріп, заң шеңберінде шешім қабылдауға құқылы. Ал егер қорғаушы қандайда бір дәлелдемені тергеу органдарынан жасырып, тек сот кезінде ғана алға тартса ол дәлел болып табылмайды. Алайда қорғаушы тарап кез-келген жағдайға байланысты күдіктіні қорғау үшін аса маңызды деп таныған дәлелдерді тергеу органдарына өткізбеуге де құқылы болып табылады. Ал қылмыстық теріс қылық жасағандарға қатысты тергеу амалдарының жұмысы біршама қысқартылып, ол барынша әкімшілік жауапкершілікке жақындатылды. Егер жиналған дәлелдерге қатысты екі жақты дау туындамаса тергеу амалдарын жүргізетін тұлға қолында бар дәлелдермен шектелуге құқылы. Тергеу амалдарының толық нәтижесімен анықтау бөлімінің басшылығы өздігінен қадағалаушы прокурордың қатысуынсыз аталған істі сотқа жібере алады», -деп атап көрсетті подполковник Әбдрахманов.

Сонымен қатар «Бұйрық тәртібі» атты жаңа тергеу өндірісі енгізілді. Аталған жаңашылдықтың негізгі ерекшелігі кінәлі тұлғаның сот отырысына қатыстырылмауы және сот оған өз құзырында жаза ретінде айыппұл ғана кесу құқығына ие. Дәлірек айтқанда, сот айпталушыны оның қандай да бір қылмысты толық мойындағаны немесе жиналған дәлелдермен, келтірілген залал шығынымен және бұйрық тәртібімен толықай келісуін негізге ала отырып, сот отырысына қатыстырмайды. Мұндай тәртіп жеңіл қылмыс жасағандармен қылмыстық теріс қылық жасағандарға қатысты қолданылады. Бұйрық тәртібін қолдануға жататын тұлғалардың сот тергеу жұмыстарын жүргізетін тұлға 5 тәулік ішінде тергеу амалдарын аяқтап, бұйрық тәртібі енгізілетіні жайлы қаулы дайындауы тиіс. Ал теріс қылмыстық қылық жасағандардың тергеу ісі анықтау бөлімінің басшылығы мен сот органдарына тікелей жөнелтілсе, жеңіл қылмыс жасағанадардың тергеу материалдары прокурор арқылы сотқа жөнелтіледі.

«Сондай-ақ, жасырын тергеу амалдарының жүргізілуіне қатысты сот бақылауы күшейіп, экономикалық қылмыс жасаған күдіктілерді қамауға алу, санкция беру тәртібіне, қылмыстық іс қарау бойынша электронды формат сияқты бірқатар өзгерістер енгізілді. Бірінші кезекте аталған өзгертулер мен толықтырулар азаматтардың құқықтарының қорғалуының деңгейін көтеріп, тергеу амалдарының уақытын қысқартып, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бақылауда ұстау, бір-бірін қайталау, сияқты олқылықтардың алдын алып, қылмысты тергеу органдары мен прокуратура және сот өкілдерінің құзыретін айқындап берді», - деп түсіндірді Р.Әбдрахманов.

25 лет
Свежие новости
Подписка на новости